2024 жылғы жылдық есеп Қазіргі заманға арналған жаңа буын желісі

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

GRI 403-1GRI 403-2GRI 403-3GRI 403-4GRI 403-5GRI 403-6GRI 403-7GRI 403-8GRI 403-9GRI 403-10

«Кселл» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне аса назар аударып, қауіпсіз жұмыс ортасын құру және барлық өндірістік процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біздің алдымызда жазатайым оқиғалардың алдын алуға қол жеткізу, тәуекелдерді азайту және қызметкерлердің қауіпсіз кәсіби қызметін қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттер тұр.

Компания халықаралық стандартты, атап айтқанда ISO 45001:2018 (Денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесі) стандартын алып, тәжірибелік қызметіне сәтті енгізді. Бұл біздің еңбекті қорғауды басқару жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды. ISO 45001:2018 шеңберінде менеджмент жүйесін сәтті енгізу және қолдау үшін біздің компанияның еңбекті қорғау және азаматтық қорғау қызметінің жұмыскерлері осы стандарт бойынша, сондай-ақ стандартқа сәйкес менеджмент жүйелерінің тәуекелге бағдарланған ішкі аудиті бойынша оқытудан өтті.

2024 жылы негізгі назар оқытуға, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға, сондай-ақ әдеттен тыс жағдайларда іс-қимылдарға дайындықты арттыруға бағытталды.

Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар шеңберінде басшылар мен қызметкерлерді оқыту жүргізілді:

  • еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша – 279 қызметкер;
  • электр қауіпсіздігі бойынша – 325 қызметкер;
  • өнеркәсіптік альпинизм бойынша – 362 қызметкер;
  • өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша – 234 қызметкер;
  • алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша – 392 қызметкер;
  • өрт-техникалық минимумы бойынша – 321 қызметкер;
  • ЖҚЕ сақтау бойынша – 38 қызметкер.

Бұл білімдер қызметкерлердің жалпы хабардарлығын арттырып қана қоймай, күнделікті жұмыстағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Жеке қорғаныс құралдарын сатып алу көлемі ұлғайтылды, бұл қызметкерлерді қауіпсіз жұмыс жүргізу үшін сапалы ЖҚҚ-мен уақтылы және толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Апаттар мен өзге де төтенше жағдайлардың теріс әсерін төмендету мақсатында Компанияда тоқсан са­йын төтенше жағдайларға ден қою бойынша оқулар мен жаттығулар өткізілді. Азаматтық қорғаныс құралымдары (АҚҚ) қалыптастырылды және оқытылды, бөлімшелердің ТЖ жағдайларындағы іс-қимылдарға дайындығы күшейтілді.

Кеңселер мен инфрақұрылымның негізгі объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Компанияның объектілерінде келесі өрт қауіпсіздігі шаралары қабылданды:

  • 90 үй-жайда автоматты газбен өрт сөндіру жүйесі бар;
  • 2 объектіде сумен сөндіру, түтінді аластау және ауаны қысу жүйесі бар;
  • 38 объектіде автоматты өрт дабылдамасы бар;
  • ұялы байланыстың 67 базалық станциясында газбен өрт сөндіру жүйесі бар;
  • 64 дизель-генераторлық қондырғылардың автоматты өрт дабылдамасы бар;
  • Барлық ғимараттар мен үй-жайлар бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілген.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және тергеп-тексеру жөніндегі іс-шаралар ҚР Еңбек кодексіне және Компанияның ішкі ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

Компания қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне зиян келтіру, қоршаған ортаға және/немесе Компанияның мүлкіне залал келтіру тәуекелдерін жою және/немесе бақылау мақсатында Компанияда «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау карточкасы» бағдарламасы туралы ереже қолданылады. Бұл қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне қатыстырудың маңызды факторы болып табылады. 2024 жылдың соңында «ЕҚ және ЕҚ карточкалары» электрондық нысаны әзірленді, бұл қауіпсіздік карточкаларын толтыруды және олардың қолжетімділігін әлдеқайда жеңілдетеді.