2024 жылғы жылдық есеп Қазіргі заманға арналған жаңа буын желісі
Буянов Алексей
«Кселл» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы

Директорлар кеңесі төрағасының жолдауы

GRI 2-22

Құрметті акционерлер, серіктестер және клиенттер!

Сіздердің назарыңызға «Кселл» АҚ-ның 2024 жылға арналған жылдық есебін ұсынамын – бұл жыл компанияның Қазақстан телекоммуникация нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі және елдегі цифрлық түрлендірулердің драйвері ретіндегі орнын нығайтып, біз үшін маңызды кезең болды.

2024 жыл шешімдердің, амбициялардың және сенімді өсімнің жылы болды. Технологиялардың жылдам дамуы және пайдаланушылар үміттерінің артуы жағдайында Kcell компаниясы жылдам бейімделіп қана қоймай, салаға жаңа серпін берді. Стратегиялық мақсаттарды сенімді түрде жүзеге асыра отырып, біз инфрақұрылым тұрғысынан да, өнімдер, қызметтер және клиенттердің сенімі тұрғысынан да болашаққа инвестиция құйдық.

Есепті кезеңнің қаржылық нәтижелері біздің бизнес-үлгіміздің беріктігін растайды: жалпы түсім 6,1%-ға өсіп, 241,3 млрд теңгені құрады.

Kcell байланыс инфрақұрылымын дамытуға рекордтық қаражат бөлуді жалғастыруда. Тек соңғы екі жылда компания желіге шамамен 255 млрд теңге, оның ішінде 5G жиіліктері үшін бюджетке төленген 78 млрд теңге инвестициялады. Салыстыру үшін: 2020-2022 жылдары инвестициялар көлемі жылына 25-40 млрд теңгені құраған. Инвестициялардың мұндай дәйекті өсімі бізге жабынды кеңейтіп қана қоймай, күрделі инвестициялар көлемі бойынша саланың көшбасшысы мәртебесіне нық ие болуға мүмкіндік берді. Біз жай ғана желі құрып жатқан жоқпыз, біз елдің бүкіл экономикасының цифрлық іргетасын салып жатырмыз.

Біз үшін 5G жай ғана жаңа байланыс стандарты емес. Бұл ең өршіл шешімдердің технологиялық базасы. 2024 жылы біз өндірістік процестерге 5G енгізу бойынша маңызды қадамдар жасай бастадық. Мұндай технологиялар күрделі және қауіпті операцияларды автоматтандыруға жол ашады, карьерлерде және өнеркәсіптік объектілерде пилотсыз техниканы пайдалануға мүмкіндік береді, өндірістердің қауіпсіздігін, басқарылуын және тиімділігін арттырады.

Болашақта осы негізде білім мен денсаулық сақтаудан бастап «ақылды» қалалар мен көлікке дейінгі барлық салаларда жаңа мүмкіндіктер дамитын болады. Жоғары жылдамдықты және сенімді қосылу цифрлық қызметтердің жаңа деңгейіне, қашықтан диагностикалау жүйелерін дамытуға, интерактивті оқытуға, зияткерлік жарықтандыруға және қала қауіпсіздігіне жол ашады.

Біз бұл күш-жігердің мойындалғанын мақтан тұтамыз. 2024 жылы Kcell «Telecom секторындағы үздік компания» номинациясында Қазақстанның цифрлық құқықтар рейтингінің жеңімпазы атанды. Fitch Ratings халықаралық агенттігі біздің кредиттік рейтингімізді тұрақты болжаммен «BB+» деңгейінде растады.

Компания 2025 жылға технологиялық, тұрақты және жаңа мүмкіндіктерге ашық, болашаққа сенімді көзқараспен қадам басты. Бұл алға жылжудың негізінде жатқан біздің қағидатымыз: әрбір клиентке, аймаққа, қоғамға жақын болу.

Бұл жетістіктердің барлығы командалық жұмыстың: басқарудың жетілгендігінің, технологиялық шешімдердің, клиенттер мен акционерлер алдындағы жауапкершіліктің арқасында мүмкін болды.

Директорлар кеңесі атынан компания басшылығына, әрбір қызметкерге, біздің клиенттеріміз бен серіктес­терімізге шын жүректен алғыс білдіргім келеді.