Басқарма төрағасының жолдауы
Құрметті оқырмандар, әріптестер, серіктестер және клиенттер!
2024 жыл мен үшін ерекше жыл болды, дәл осы жылы мен Kcell-ді басқарып, Қазақстандағы байланысты жылдамырақ, сенімдірек және адамдарға жақынырақ ету үшін күн сайын жұмыс істейтін команданың бір бөлігі болу жауапкершілігін алдым.
Бұл сын-қатерлер мен батыл шешімдердің, қарқынды өсім мен стратегиялық инвестициялардың жылы болды. Бірақ бұл жылдың ең маңыздысы адамдар болды. Дамуға сенетін, өзіне жауапкершілік алатын, компанияны алға жылжытатын адамдар. Олардың энергиясы және Kcell көп нәрсеге қабілетті деген сенімі әрбір жобаға, әрбір іске қосуға, әрбір идеяға салынды. Біз желіні дамытып, жаңа өнімдерді шығарып қана қойған жоқпыз, біз миллиондаған қазақстандықтың өмірінде заманауи байланыс операторы қандай болуы керек екенін қайта ойластырдық.
2024 жылдың қаржылық нәтижелері Kcell-дің тұрақты өсімін ғана емес, сонымен қатар бүкіл команданың сенім мен сапаға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Жыл 241,3 млрд теңге кіріспен аяқталды, оның ішіндегі 198,9 млрд теңге қызмет көрсетуден түскен кіріс болды. EBITDA 92,1 млрд теңгеге жетті, бұл тиімділік көрсеткіші ғана емес, қызмет көрсетуді үздіксіз жақсартуға негізделген тұрақты бизнес-үлгінің көрінісі. Абоненттік база 7,97 миллион пайдаланушыға дейін өсті және әрбір жаңа қосылымның артында сенімділік пен сапа пайдасына саналы таңдау бар. Бұл сандар – сенім туралы. Миллиондаған қазақстандық азамат, бизнес және мемлекеттік клиенттер күн сайын бізді таңдайтыны туралы.
Биыл біз байланысты қолжетімді ғана емес, шын мәнінде заманауи ету үшін желіні дамытуға 78,2 млрд теңге инвестиция құйдық. Біз 630 жаңа 5G сайтын іске қостық, 20 қалада қамтуды кеңейттік және метрода 5G енгізген алғашқы оператор болдық. Бұл Қазақстанды цифрлық болашақтың бір бөлігіне айналдыратын қадамдар.
Және де біз үшін құндылығы кем емес тағы бір
нәрсе – ауылдарда орнатылған 433 базалық станция. Бүгінгі таңда қалада болсын, ауылда болсын барлығы үшін байланыстың маңызы ерекше. Бұл ақпаратқа, білімге, жұмысқа және жай ғана жақын адамдарға қол жеткізу. Сондықтан біз әрбір жаңа станцияның әсері ерекше байқалатын ауылдық жерлерде желіні дамытуға үлкен мән береміз.
Біз адамдар мен бизнестің нақты өмірлік сценарийлеріне бағытталған жаңа қызметтерді іске қостық: үйге арналған FWA интернеті, корпоративтік клиенттерге арналған өнімдер, жабдықты бақылау мен басқаруға, процестерді оңтайландыруға және өндірістік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ауқымды IoT-шешімдер.
2024 жыл сондай-ақ халықаралық тану туралы болды: Fitch Ratings біздің рейтингімізді «BB+» деңгейінде растады, ал Қазақстанның цифрлық құқықтар рейтингінде Kcell елдегі ең үздік телеком-компаниясы деп танылды.
Бірақ осы жетістіктердің барлығының артында диаграммалар мен слайдтар емес, команда тұр. Мен Kcell компаниясының әрбір қызметкеріне белсенді қатысқаны, кәсіпқойлығы және нәтижеге деген ұмтылысы үшін алғыс айтамын. Мен диалогта өмірге келетін идеялардың күшіне, қолдаудың күшіне және мүмкін еместей болатын нәрселерді жасай алатын командаға сенемін.
Менің Басқарма төрағасы ретіндегі бірінші жылым процестерге, адамдарға және мәдениетке терең енуге арналған жыл болды. Біз бірге жаңа мағыналарды іздеп таптық, тәсілдерді қайта құрдық және қазір сенімді түрде алға жылжудамыз. 2025 жылы бізді одан да көп нәрсе күтіп тұр: миллиондаған қазақстандыққа арналған жаңа технологиялар, жаңа қызметтер мен жаңа мүмкіндіктер.
Kcell – бұл тек байланыс туралы емес. Бұл адамдар туралы. Технологиялар қалай жақын, түсінікті және пайдалы болатыны туралы. Мен бүгінде жай ғана қызмет көрсететін компанияны ғана емес, әркімнің өмірін жақсартатын компанияны құрып жатқанымызды мақтан тұтамын.