2024 жылғы жылдық есеп Қазіргі заманға арналған жаңа буын желісі

Компанияның бейіні

«Кселл» АҚ (бұдан әрі – Кселл, Компания) – клиенттеріне телекоммуникациялық қызметтер мен цифрлық сервистердің толық жиынтығын ұсынатын Қазақстандағы жетекші мобильді байланыс операторы. Компания нарықтың барлық негізгі сегменттерін қамтитын екі танымал Kcell және activ брендтерімен жұмыс істейді. «Кселл» АҚ қазақстандық телекоммуникациялық қызметтер нарығында жетекші орынға ие «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіреді.

2024 жылдың соңында Компанияның абоненттік базасы 7968 мың клиентті құрады, оның ұялы байланыс желісі ел халқының 92%-ын қамтыды. Ұсынылатын өнімдерге дауыстық байланыс, мобильді интернет, 5G технологиясы негізіндегі үй интернеті (Kcell Auleti бренді), сондай-ақ өзінің Kcell SuperApp платформасына негізделген бірқатар финтех шешімдер мен цифрлық сервистер кіреді. Kcell/activ мобильді қосымшасы компанияның клиенттеріне стандартты абоненттік қызметтермен қатар өзінің электрондық сауда алаңына және виртуалды төлем картасын жүргізуді, депозиттерге қаражатты орналастыруды және кредиттер беруді, тауарларды, 

қызметтерді төлеуді және т.б. қоса алғанда, OGO Finance цифрлық қызметтердің жиынтығына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.

Компания цифрлық инфрақұрылымды дамытуға белсенді түрде инвестиция құяды. 2023 жылы «Кселл» АҚ қазақстандық телекоммуникация саласы тарихындағы ең ірі жобалардың бірін – бесінші буын желісін (5G) өрістете бастады. 2024 жылдың өзінде жаңа буын желісі Қазақстанның 20 қаласында миллионнан астам тұрғынға қолжетімді болды, ал 5G базалық станцияларының жалпы саны 1470 бірлікті құрады.

Бірегей инфрақұрылымдық жетістіктердің бірі – Алматы метросында 5G байланысының іске қосылуы 

болды – Қазақстанда бесінші буын байланысы алғаш рет метрода қолжетімді болды. Бүгінгі таңда 5G желісі Алматы метросының 9 станциясында жұмыс істейді.

Өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту компанияның басым бағыттарының бірі болып отыр. 2024 жылы ауылдық жерлерде 4G базалық станциясының 433-і орналастырылса, 2025 жылдың басында Kcell желісі жалпы саны 100 мыңға жуық тұрғыны бар тағы 52 елді мекенді қамтыды.

«Кселл» АҚ акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE) KCEL тикерімен саудаланады. 2024 жылдың қарашасында Fitch Ratings агенттігі Kcell кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен «BB+» деңгейінде растады.

Компания корпоративтік басқарудың, тұрақты дамудың және ақпараттың ашықтығының халықаралық стандарттарына, соның ішінде GRI 2021 стандарттарына және KASE ақпаратты ашу талаптарына сәйкес жұмыс істейді.